Р.СЕЙТМЕТОВ ТЕАТРЫНДА «ҚАТЫНҚАМАЛ» ҚОЙЫЛЫМЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Р.СЕЙТМЕТОВ  ТЕАТРЫНДА «ҚАТЫНҚАМАЛ» ҚОЙЫЛЫМЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында Н.Изтаевтың сахналауындағы, Б.Сердәлінің перформанс жанрында жазылған «Қатынқамал» қойылымының тұсаукесері жоғары деңгейде өтті.
 
«Қатынқамал» - ел аузында сақталған аңыздың ізімен өрілген, аналық рух пен азаттық мұратты асқақтата көрсететін ерекше сахналық туынды. Қойылымда жаугершілік заманда ерлер майданға аттанған тұста туған жердің тағдыры мен ұрпақтың болашағы әйелдердің иығына артылған күрделі кезең шынайы бейнеленді.
 
Сахнада аналар мен қыз-келіншектердің қайсарлығы, ар-намыс пен еркіндік жолындағы күресі, рух мықтылығы мен ұлттық болмысы терең көркемдік шешіммен ұсынылды. Қойылым көрерменге ерекше әсер сыйлап, қазақ әйелінің батырлық болмысын жаңа қырынан танытты.
 
Қойылымның финалындағы жас шыбықтың символикалық көрінісі - үзілмеген үміттің, өмірдің мәңгілік жалғастығының және ұрпақ сабақтастығының жарқын белгісі ретінде көрініс тапты.
 
«Қатынқамал» - өткенге тағзым ғана емес, бүгінгі санаға серпіліс беретін, болашаққа аманат болатын тағылымды туынды ретінде көпшілік тарапынан жоғары бағаланды.
 
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі