ТАРАЗ ТӨРІНДЕ ВАЛЬС КОРОЛІНІҢ ӘУЕНІ ШЫРҚАЛДЫ

ТАРАЗ ТӨРІНДЕ ВАЛЬС КОРОЛІНІҢ ӘУЕНІ ШЫРҚАЛДЫ
Тараз қаласында Түркістан облыстық Ш. Қалдаяқов атындағы филармониясының ұйымдастыруымен қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, «Вальс королі» атанған композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Ән аға - Жан аға» атты концертті өтті.
 
Аталған кеште композитордың халық жүрегінен орын алған таңдаулы әндері жанды дауыс пен жанды сүйемелдеуде орындалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Концерт барысында композитордың өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер мен бейнематериалдар көрермен назарына ұсынылды.
 
Концерт басталмас бұрын «Баласағұн» концерт залының фойесінде арнайы Шәмші ауылынан әкелінген ұлттық тағамдар ұсынылып, келушілер композитор қолданған жеке бұйымдармен танысу мүмкіндігіне ие болды.
 
Музыкалық кеш барысында өнерпаздарға «Сүгір» атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі мен «Алаш» вокалды-аспаптар ансамблі сүйемелдеу жасады. Сонымен қатар, «Фараб» және «Ғасыр» би ансамбльдері Шәмші әндерін көркем би арқылы әрлеп, кештің мазмұнын байыта түсті.
 
Айта кетейік, аталған мәдени шара ұлттық өнерді насихаттап, қазақ музыкасының алтын қорындағы шығармаларды дәріптеуге бағытталды.
 
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі