ТҮРКІСТАНДА ӨТКЕН «ӘДІЛЕТТІ КОНСТИТУЦИЯ – ҚУАТТЫ МЕМЛЕКЕТ» ЖИЫНЫНДА ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ АТА ЗАҢНЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫНА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ
Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде «Әділетті Конституция – қуатты мемлекет» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты – конституциялық реформалардың маңызын талқылау, қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру және әділетті қоғам құру мәселелері бойынша пікір алмасу.
Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелді Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Нұралы Әбішов жүргізіп отырды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы заң үстемдігінің маңызына тоқталды.
Жиын барысында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова сөз сөйлеп, қоғамдағы бірлік пен отбасы құндылықтарының маңызына назар аударды. Түркістан облысы Әділет департаментінің басшысының орынбасары Нұрлан Ербекешов Конституциялық реформалардың құқықтық жүйені жетілдірудегі рөлі туралы айтты.
Айтыскер-ақын Бекарыс Шойбеков және өзге де зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, ел дамуы жолындағы рухани құндылықтар мен ұлттық сананың маңызы туралы ой бөлісті.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар Конституциялық реформалардың қоғамды жаңғыртудағы маңызын атап өтіп, құқықтық мемлекет құру жолындағы бастамаға қолдау білдірді.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі