РАЙЫМБЕК СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДЫҢ ҚҰРЫЛҒАН КҮНІНЕ ОРАЙ ҚОЙЫЛЫМ САХНАЛАНДЫ

РАЙЫМБЕК СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДЫҢ ҚҰРЫЛҒАН КҮНІНЕ ОРАЙ ҚОЙЫЛЫМ САХНАЛАНДЫ
Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының құрылған күніне орай Бахтияр Вахапзаденің «Көк Түріктер» тарихи трагедиясы сахналанды.
 
13 қаңтар - қазақ театр өнері тарихында айрықша маңызға ие күн. Дәл осы күні бір ғасыр бұрын қазақ кәсіби театрының тұңғыш шымылдығы түріліп, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры өз қызметін бастап, ұлттық руханияттың дамуына зор үлес қосты.
 
Осы тарихи сабақтастықтың жалғасы ретінде Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры 2000 жылы 13 қаңтарда ашылып, бүгінгі күнге дейін ұлттық өнерді дамытуға, тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттауға тұрақты түрде қызмет етіп келеді.
 
Қойылым барысында театрдың төлқұжатына айналған қойылым режиссер, Қазақстан Республикасының Халық артисі, «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, театрдың негізін қалаушы Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов сахналаған Бахтияр Вахапзаденің «Көк Түріктер» тарихи трагедиясы көрермен назарына ұсынылды. Аталған спектакль театрдың тұңғыш шымылдығын ашқан алғашқы қойылым ретінде мәдениет тарихында ерекше орын алады.
 
Айта кетейік,театрдың құрылған күні ұлттық өнерге, тарихқа және рухани құндылықтарға тағзым ететін маңызды мәдени оқиға ретінде атап өтілді.
 
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі