«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен ҚР Мемлекеттік Әнұранының авторы, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына және Өнер ордасының жылды қорытындысына арналған «Ән аға - Жан аға» атты гала-концерт өтті.
Іс-шара барысында көрермендерді фойеде «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі Шәмші Қалдаяқовтың әндерімен қарсы алды.
Сондай-ақ композитордың жеке тұтынған бұйымдары қойылған арнайы музей бұрышы ұйымдастырылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Пано-тақтайшалар арқылы композитор әндерінің шығу тарихы таныстырылды.
Гала-концертте филармония өнер шеберлерінің орындауында Шәмші Қалдаяқовтың таңдаулы әндері шырқалып, композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнематериалдар көрсетілді.
Концертке ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Наркенже Серікбаева, Хадиша Сейітова, «Дарын-жастар» сыйлығының иегері Айдар Тұрғанбек, халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Сарын» тобы және өзге де өнер шеберлері қатысты.
Айта кетейік, аталған гала-концерт арқылы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония 2025 жылғы шығармашылық қызметінің нәтижесін көрсеткен тағылымды мәдени кеш ретінде өтті.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі