Түркістан музыкалық драма театрында қазақ музыка өнерінің бір кезеңін қамтыған «МузАРТ» музыкалық-драмалық спектаклінің премьерасы өтті.
Қойылым халықтың сүйіспеншілігіне ие болған аңыз «МузАРТ» тобының 25 жылдық шығармашылық жолына арналды. Спектакльде топтың қалыптасу кезеңі, өнер жолындағы ізденістер мен жетістіктер сахна тілімен көрініс тапты. Қойылым барысында көрерменге кеңінен танымал әндер орындалды. Премьералық көрсетілімге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, мәдени іс-шараны тамашалады.
Спектакльдің шығармашылық тобы:
идея авторы - Мерей Маханов, шығарма авторы - Қазыбек Аманжол, режиссері - Әли Бидахмет. Қойылымның сценографиясын Ербол Кантураев, саунд-дизайнын Ақжол Өмірзақов, ал киім үлгілерін Арман Теміртас әзірледі.
Премьераға арнайы қонақ ретінде «МузАРТ» тобының әншілері Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев, Кенжебек Жанабилев және Мақсат Базарбаев қатысып, қойылым соңында топтың танымал «Өз елім» әнін шырқады.
Айта кетейік, қойылым көрермен тарапынан жылы қабылданып, өнерсүйер қауымның жоғары бағасына ие болды. Спектакль алдағы уақытта театр репертуарынан орын алып, көрерменге ұсыныла бермек.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі