16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Ұлттық рух - басты құндылық» кітабының салтанатты таныстырылымы өткізілді.
Іс-шараны Түркістан облыстық мәдениет басқармасының тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау бөлімінің басшысы Нұрдәулет Келдібекұлы ашып, құттықтау сөз сөйледі.
Рухани-танымдық сипаттағы бұл жинақ сұхбат жанрында дайындалып, өңірдің түрлі салаларында қызмет етіп жүрген 31 тұлғаның өмірбаянын, елге қосқан үлесін және ұлттық рух туралы көзқарастарын қамтиды. Олардың қатарында желтоқсан оқиғасының куәгерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, ардагерлер мен ерлік иелері бар.
Іс-шара барысында оқырмандарға кітап кейіпкерлері таныстырылды. Сонымен қатар еңбектің жарық көруіне бастамашы болған «Серпіліс» қоғамдық қорының жетекшісі, «Қызмет» газетінің бас редакторы Бейсенкүл Жақсыбекқызы сөз сөйлеп, кітаптың мақсаты мен мазмұны туралы ақпарат берді.
Бағдарлама аясында кітап кейіпкерлерімен ашық сұхбат ұйымдастырылып, оқушылардың сұрақтары талқыланды.
Айта кетейік,аталған шара ұлттық құндылықтарды насихаттауға, елдік сана мен рухты дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени іс-шара ретінде өткізілді.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі