Өлкеміздің мәдени келбетіне айналып, сан алуан шаралардың алтын ордасы болған “КОНГРЕСС ХОЛЛ” көпсалалы кешенінің 5 жылдығына арналған “БЕЛЕСТІ БЕС ЖЫЛ” атты салтанатты концерттік шарасы жоғары деңгейде өтті.
Айтулы шара рухани астананың мәдени тынысына серпін қосып, өңірдің мәдени-инфрақұрылымдық дамуына үлес қосқан кешеннің бес жылдық жұмысының басты кезеңдерін көрсетуге бағытталды.
Сонымен қатар ерекше меймандар ретінде Арыс қаласы мен Төлеби ауданындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінің тәрбиеленушілері қатысып, қуанышты сәтке куә болды.
Кеште кешеннің шығармашылық ұжымдары – «Jana Lep», «Alqonyr» фольклорлық ансамблі, «Samgau» би ансамблі және «Keruen» балалар би тобы өнер көрсетіп, мерейтойлық концерттің ажарын аша түсті. Композитор Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған арнайы музыкалық попурри көрерменнен зор қошемет алды. Оркестрге «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетов дирижерлік етті.
Сонымен бірге «Jana Lep» труппасы «Раушан гүл», «Жігіттер жыры» атты театрландырылған қойылымдарын ұсынып, кеш барысын ерекше түрлендірді.
Айта кетейік, шара «Конгресс холл» кешенінің әнұранымен қорытындалып, өнерге құрмет пен шығармашылыққа серпін берген әсерлі кеш ретінде есте қалды.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі