«АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ» ЖӘНЕ «ЖАҢҒЫРЫҚ» ЖУРНАЛДАРЫНЫҢ РЕСМИ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

«АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ» ЖӘНЕ «ЖАҢҒЫРЫҚ» ЖУРНАЛДАРЫНЫҢ РЕСМИ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында Бас редактор, Созақ ауданының «Құрметті азаматы», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қаршығабек Қамбарбек дайындаған «Аңыз бен Ақиқат» және «Жаңғырық» журналдарының ресми таныстырылымы өткізілді.

Аталған шараның мақсаты - журналдардың құрылымы мен мазмұнын көпшілікке таныстыра отырып, олардың ұлттық руханиятқа қосатын үлесін айқындау. Сонымен бірге, қос басылымның негізгі бағыты болып табылатын тарихи деректер мен рухани мұраны зерделеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ өткен мен бүгіннің сабақтастығын тереңірек түсіндіруге бағытталған міндеттерді кеңінен жеткізу болды.

Таныстырылымға Түркістан облысы мәслихат депутаты, AMANAT партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Калыйма Жантөреқызы, облыстық Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы,сондай-ақ өңірдің зиялы қауымы, мәдениет және өнер саласының өкілдері, ғылыми-педагогикалық орта, ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты. Қатысушылар басылымдардың жарық көруін құптап, олардың ұлттық сананы нығайтудағы маңыздылығын атап өтіп, құттықтау лебіздерін білдірді.

Іс-шараның соңында Бас редактор Қаршығабек Қамбарбек журналдардың келешектегі жұмысы, басылымдардың рухани миссиясы және ұлттық мұраға қатысты көзқарастарымен бөлісті. Сонымен қатар, оқырман қауым үшін жаңа жобалардың маңызы мен қоғамға берер рухани серпіні туралы өз ой-пікірін жеткізді.

Айта кетейік,«Аңыз бен Ақиқат» және «Жаңғырық» журналдары ұлттық тарихтың тұғырын нығайтып, рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды ақпараттық-танымдық жобалар ретінде өз оқырманын табарына сенім мол.

Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі