
Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында 25 қазан – Республика күніне арналған «Қыран елім – Қазақстаным!» салтанатты іс-шарасы өтті. Мерекелік іс-шараға қатысушылар алдымен Алаш қайраткерлерінің отты ойларын тыңдап, өңір өнерпаздарымен бірге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын шырқады.
Маңызды іс-шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, өңірдің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан бір топ азаматты марапаттады.
Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Нұралхан Көшеров еңбегімен дараланған еңбек адамдары мен мемлекетті дамытуға үлес қосып жүрген қайраткер азаматтарды марапаттады. Атап айтқанда, «Парасат», «Құрмет» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарын тапсырды. Сонымен бірге «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі де өз иесін тапты. Марапатталғандардың қатарында еңбек ардагерлері, мұғалімдер мен дәрігерлер, мәдениет және бизнес өкілдері, бақташылар мен машинистер бар.
Мемлекет басшысы халыққа биылғы Жолдауында инвестиция тарту жүйесін жаңғыртуды тапсырған болатын. Облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін жалпы құны 2,6 трлн. теңгені құрайтын 111 инвестициялық жоба пулы қалыптасты. Негізгі бағыттары – өңдеу, энергетика және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу. Жобаларды толық іске асыру нәтижесінде 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд. теңге салық түседі. Биыл 332 млрд. теңгеге 57 жобаны іске асырып, 8 174 жұмыс орнын ашу жоспарланған. 9 айда 33 жоба іске қосылып, 4793 жұмыс орны ашылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 9 айда өңір экономикасына 1 трлн. теңге инвестиция бағытталып, 115,9%-ға өсті.
Мемлекет басшысы ел дамуының негізгі секторы – қуатты өнеркәсіп әлеуетіне негізделген және әртараптандырылған экономиканы құру қажеттілігін айқындап өтті. Өңірдің индустриализация әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалды және 3 арнайы экономикалық аймақтар, шағын өнеркәсіптік парк құрылған. Индустриалдық аймақтарда құны 152 млрд. теңгені құрайтын 98 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Жалпы өнеркәсіп саласында атқарылған шаралардың есебінен 9 айда 1,1 трлн. теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсім 113,5%-ға жетті. Өңір экономикасының маңызды саласы ауыл шаруашылығында өнім 855 млрд. теңгені құрап, өсім 101,5% деңгейінде орын алды. Өндірілген өнім бойынша Түркістан облысы –республикада көшбасшы.
Президент 2025 жылы жалпы экономиканың 7% өсімін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы межеге жету жолында өңірде айтарлықтай ілгері қадам жасап келеді. Осы жылдың 9 айының қорытындысымен оң динамика байқалады. Қысқа мерзімінде экономикалық өсім 114,8%-ға жетті. Бұл – республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсіміне қол жеткізілді.
Салтанатты іс-шара мерекелік концертке ұласты. Облыс өнерпаздары көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мың бұралған бишілер өнерімен тәнті етті. Атап айтқанда, Сая Махамбет, «Абырой» тобы, әзірбайжандық Лейла Алиева, Руслан Ақынбеков және өзге де әншілер рухты көтеретін әндер шырқап, Республика күнінің мәнін аша түсті.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі