Түркістан қаласында Поэзия театрының алғашқы премьерасы «Уақыт - үнсіз куәгер» атты қойылымы өтті.Қойылым tarmaqtar баспасынан жарық көрген, оқырманның ыстық ықыласына бөленген «Махаббатымды жеткізетін тармақтар» және «Миледи жазған…» атты көркем жинақтардың негізінде сахналанды. Поэзия театрының идея авторы - Рысгүл Досжанова. Ал театрдың көркемдік және ұйымдастырушылық жетекшілігін атқарып отырған директор - Еламан Төлеутай.
Бұл туынды махаббат пен сағыныш, үнсіздік пен уақыт тақырыптарын көркем тілмен жеткізетін поэтикалық спектакль. Қойылым арқылы көрерменге «Махаббат айтылмаған сөздерден тұрады» деген терең мағыналы ой ұсынылды.
Айта кетейік, Поэзия театры поэтикалық мәтіндер мен сахналық шешімдерді біріктіре отырып, тың бағытта қойылымдар ұсынатын жаңа шығармашылық платформа. Театрдың мақсаты поэзияны сахна арқылы жаңаша жеткізу, көрерменмен сезім арқылы байланыс орнату.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі