ТҮРКІСТАНДА ОРТА АЗИЯДА ТЕҢДЕСІ ЖОҚ «ЕСКЕК ЕСУ» АРНАСЫ АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА ОРТА АЗИЯДА ТЕҢДЕСІ ЖОҚ «ЕСКЕК ЕСУ» АРНАСЫ АШЫЛДЫ

Түркістан қаласында Орта Азияда теңдесі жоқ спорт кешендері бар «Ескек есу» арнасы ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «спорт инфрақұрылымын дамыту мен жаңа кешендерді салу» жөнінде нақты тапсырмалар берді. Осы бағытта облыста 112 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Бұл тек инфрақұрылымды дамыту ғана емес, жастардың болашағына салынған инвестиция, тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға жасалған нақты қадам.

Бірегей спорт нысанының ашылу салтанатына орай «Turkistan Water Fest & Sky Lights» атты ауқымды мәдени-спорттық іс-шара өтті. Салтанатты шараға арнайы келген ҚР Туризм және спорт министрі Е.Мырзабосынов, Есу спорты түрлері бойынша «Қайық» федерациясы АҚБ президенті А.Мерғалиев, Байдарка мен каноэ есу халықаралық федерациясының президенті Т.Кониецко сөз алып, өңір тұрғындарына ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар маңызды шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

Бүгін халықаралық байдарка және каноэ есу федерациясының президенті Томас Кониецко мен Қазақстан Республикасы «Қайық» федерациясының президенті Асланбек Мергалиев арасында екіжақты меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы алғашқы өңірлік хаб құрылмақ.

«Ескек есу» каналында 500-ге жуық спортшы байдарка мен каноэда есу, академиялық есу, триатлон, параканоэ, ашық суда жүзу сияқты спорт түрлерімен тұрақты түрде жаттыға алады. Облыстың ескек есушілері ел абыройын көтеруде. Осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 1 800-ден астам медаль иеленсе (406 алтын, 730 күміс, 676 қола), Әлем және Азия чемпионаттарында 184 медаль қанжылады (58 алтын, 84 күміс, 42 қола). Олимпиада ойындарына 9 лицензия алынды.

Бұл күні Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасы ұсынылды. Мерекелік кешті Динара Сәтжан, Еркебұлан Мырзабек, Марат Оралғазин жүргізді. Кештің ажарын Мұқасан Шахзадаев, Мархаба Сәби, Калифарния, Ақсұңқар, DJ Macarello, Түркістан музыкалық театры бишілері, «Таңба» этно тобы және «Самғау» би ансамблі ашып, өнерлерін паш етті.

Сонымен қатар облыс орталығында мерекелік атмосфера орнап, мың бұралған бишілер, аниматорлар мен цирк өнерпаздары кешенді аралап, келушілердің көңіл көтерді.