Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Низами» медалінің иегері, «Сарасөз» журналының құрылтайшысы әрі бас редакторы Гулжаз Қарыбектің аударуымен жарық көрген түрік жазушысы Фатма Гүнердің «Достардың махаббаты» атты балаларға арналған шығармасының тұсаукесері өтті.
Тұсаукесер рәсімін Түркістан облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы мен Қ. А Ясауи университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі вице-ректоры, ғылым кандидаты, аға оқытушы Төлегенов Еділ ашып беріп, шығарма мен оның тәрбиелік маңызына тоқталып, аудармашы еңбегіне сәттілік тіледі. Сөз соңында Мұқағали Кенжетайұлы кітаптың авторына басқарма басшысының атынан арнайы алғыс хат пен сый сыяпатын табыстады.
Балаларға арналған жүрекке жылы, тәрбиелік мәні зор туындының тұсауын Мұхит Төлегенов, Айсұлу Қасымбек, Жеңісбек Жапеков және Рысбек Летаев кесіп, шығарманың болашақ оқырмандарына жол ашты.
Кеш модераторы – журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Композиторлар одағының құрметті мүшесі, сазгер, ғалым Бекжігіт Сердәлі.
Шара аясында арнайы кітап көрмелері жасақталып, түрік елінің әдебиеті мен мәдениетіне арналған ерекше атмосфера қалыптасты. Сондай-ақ, «Достардың махаббаты» кітабында аталған түрік ұлттық тағамдары — симит, пахлава, түрік кәмпиттері және басқа да тәттілерден арнайы шағын фуршет ұйымдастырылып, қонақтарға ұсынылды.
Шара барысында Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары қазақ, қырғыз және түрік тілдерінде әсем әндер орындап, кештің мазмұнын тереңдетіп, рухани әсерін арттырды. Сонымен қатар, ХҚТУ-дің сурет өнері факультетінің студенттері «Достардың махаббаты» кітабының желісі бойынша суреттер салып, шығарманың мазмұнын көркем бейнелеу арқылы кештің көркін аша түсті.
Шараның құрметті қонақтары ретінде Роза Нарымбетова, Пернекүл Нәлтаева, Мұхит Төлегенов, Ұлжан Жолдасова, Айсұлу Қасымбек, Әтіркүл Тәшімова және Мариям Әбсаттар сөз сөйлеп, шараға жылы лебіздерін білдірді.
Айта кетейік, кеш соңында оқырмандар авторға өз алғыстарын білдіріп, кітапқа қолтаңба алу құрметіне ие болды.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі