ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
🔹Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының «Өзбекәлі Жәнібек» залында белгілі жазушы, «Шалқар» радиосының ардагер жүргізушісі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте иегері Қабланова Гүлсараның «Екі тағдыр, бір өмір» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.
 
🔹Шараны профессор, тарих ғылымдарының докторы, алаштанушы Хәзретәлі Тұрсын жүргізді.
 
🔹Шара барысында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған мазмұнды сұхбат ұйымдастырылып, қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Алғашқы құттықтау сөздерді филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдулла Садықов пен Абдурайра Манахов сөйледі.
 
🔹Кеш шымылдығы халық әні «Беу, айдай!»-мен ашылып, оны жас өнерпаз Жетпісбай
Балнұр тамылжыта орындады.
 
🔹Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, журналист, Созақ ауданының Құрметті азаматы Нұрпейісов Нариман кітап авторына жүрекжарды тілегін білдіріп, кітапхана қорына өзінің «Саттартану», «Ақсүмбенің Ақберені», «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты еңбектерін сыйға тартты. Сондай-ақ, авторға арнайы «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» кітабын табыс етті.
 
🔹Шараға мәдениет саласының үздігі, профессор Бекжігіт Сердәлі, ардагер ұстаз Несіпкүл Өтебаева, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі журналист Роза Нарымбетова, инновациялық-әдістемелік бөлімнің меңгерушісі Гүлнұр Есіркепқызы зиялы қауым өкілдері мен қаламгердің туыстары және кітапхана қызметкерлері қатысып, жүрекжарды пікірлерімен бөлісті.
 
🔹Бұл тағылымды кездесу кітап сүйер қауымға рухани серпін беріп, жас ұрпаққа өнеге боларлық мазмұнды сәттерге толы болды.
 
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі