9-11 тамыз күндері Абай облысында өткен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» атты Дүниежүзілік Поэзия фестивалі аясында ақын Арайлым Мұраталиева TÜRKSOY Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.
Одақ төсбелгісін халықаралық TÜRKSOY ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев пен TÜRKSOY Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет тапсырды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Арайлым Мураталиева 1997 жылы оңтүстік өңірде дүниеге келген. Бүгінде Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде бас редактор болып қызмет атқарады. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі, «Күміс қалам-2022» поэтикалық жобасының жеңімпазы. Оқырманның ерекше бағасын иеленген Арайлымның «Ай-Зер», «Бүгін жаңбыр жауса екен…», «Бақ ішінде», «Жаңбыр», «Қоңыр пальто» деген өлеңдері бар. Жақында қырғыз ақыны Жолон Мамытовтың өлеңдерінен қазақ тіліне еркін аударма жасады.
Айта кетейік, TÜRKSOY Жазушылар (TÜRKSOY Yazarlar Birliği) — халықаралық TÜRKSOY ұйымының құрамындағы әдеби бірлестік, түркі елдерінің әдебиет, мәдениет және өнер қайраткерлерін біріктіретін беделді орта. Мақсаты — Түркі әлемінің ақын-жазушылары арасындағы бірлікті нығайту, ортақ әдеби жобаларды дамыту, шығармашылық байланыс, әдеби аударма секілді жұмыстарға бағытталған.