Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты отырысында монументтік өнер құрылыстарын орнатуды заңнамалық реттеуді күшейту жөнінде тапсырма берді.
Тапсырманы орындау мақсатында Министрлік 2020 жылғы 28 сәуірдегі № 103 Министрліктің бұйрығымен бекітілген Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Бұл түзетулер 2024 жылғы желтоқсан айында күшіне еніп, монументтік өнер құрылыстарын орнату жұмыстары жаңа тәртіпке сай жүргізілуде.
Осы Қағидаларға сай монументтік өнер құрылыстарын орнату (бұдан әрі – құрылыс)жөніндегі жұмыс төмендегі талаптарға сәйкес жүргізіледі:
Бірінші, құрылысты орнату Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі № 1465 «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» қаулысымен айқындалған көрнекті тұлғалардың мерейтойлық және атаулы күндеріне орайластырылады. Яғни осы қаулыға сәйкес жаңа ескерткіштер белгілі тұлғалар мен айтулы оқиғалардың жүз жылдықтарына, одан кейiн әрбір ширек ғасырлық жылдарда орнатылатын болады.
Екінші, құрылыстарды заңды немесе жеке тұлғаларға тиесілі жекеменшік учаскелерде орнатуға тыйым салынады.
Үшінші, бір елді мекенде жеке бір тұлғаның немесе тақырыптық маңызды тарихи оқиғаға арналған бір ғана құрылыс орнату қарастырылған.
Төртінші, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары (бұдан әрі – ЖАО) құрылыс бойынша жұмысты жоспарға сай жүргізеді. Жоспар Министрлікпен қалыптастырылады және жоспарға енгізу үшін ЖАО-дар өз ұсыныстарын қаржыландырумен, жер учаскесін бөлу туралы шешіммен Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі жергілікті комиссияның хаттамасымен расталуы қажет.
Бесінші, орнатылатын құрылыстардың үздік жобаларын ЖАО-дар республикалық шығармашылық конкурс жариялау арқылы анықтайды. Осы конкурстың нәтижесінде үздік деп танылған кемінде үш жұмыс күнде жобасы Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия)қарауына енгізу үшін Министрлікке жолданады.
Алтыншы, Комиссия мақұлдаған құрылыстардың жұмыс жобалары ЖАО-мен жоғарыда көрсетілген жоспарға сәйкес мерзімде орнатылады.
Бұдан өзге Президенттің тапсырмаларына сәйкес трайбалистік сипаттағы жаңа ескерткіштерді орнатуға жол берілмейді. Сонымен қатар, жаңа ескерткіштерді орнату кезінде Республикалық ономастика комиссиясымен бекітілген «Тарихи тұлғалар» тізімін басшылыққа алу қажет.