«КІТАППЕН - БІР КҮН» АТТЫ ӘДЕБИ-ТАНЫМДЫҚ ІС-ШАРА ӨТТІ

«КІТАППЕН - БІР КҮН» АТТЫ ӘДЕБИ-ТАНЫМДЫҚ ІС-ШАРА ӨТТІ
🔹Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында 9-10 шілде күндері, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «100 кітап» ұлттық сауалнамасы аясында «Кітаппен – бір күн» атты әдеби-танымдық іс-шара өтті.
 
🔹Екі күнге созылған шараға Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиал төрағасы, ақын Айдар Сейдәзім, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сайлауан Жоланов және «Arman-Qanat» қоғамдық қорының негізін қалаушы, Ерекше балаларға арналған «Армандар орындалады» жобасының авторы, ақын, «Шапағат» медальінің иегері Әсел Бимурзаева арнайы қатысты. Қонақтармен әдеби сұхбат құрылып, кітап пен қоғам, жас ұрпақ пен рухани жаңғыру тақырыбында тұшымды ойлар ортаға салынды.
 
🔹«100 кітап» ұлттық сауалнамасы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан маңызды мәдени-ағартушылық жоба. Бұл сауалнама – отандастарымыздың кітап оқу мәдениетін көтеру, әдеби мұраға деген қызығушылығын арттыру және қоғамдық талғам негізінде Қазақстандықтардың сүйікті 100 кітабын анықтау мақсатында ұйымдастырылған.
 
🔹Жастардың әдебиеттен алшақтауының себептері мен шешу жолдары;
Қазіргі әдебиеттің қоғамға ықпалы;
Жастарға арналған әдебиеттің болашағы; Әйелдің қоғамдағы мәртебесі; Бала тәрбиесі;
«100 кітап» тізіміне енуі тиіс шығармалар жөнінде өзекті сұрақтар қойылып, қонақтар тарапынан мазмұнды жауаптар мен ұсыныстар айтылды.
 
🔹Іс-шараның аясында белгілі жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың көрнекті туындысы – «Әкімнің әйелі» оқырмандар назарына ұсынылды. Аталған шығарма «100 кітап» ұлттық сауалнамасы аясында тізімге енуге ұсынылатын әдебиеттердің бірі ретінде көпшілікпен талқыланды. Мархабат Байғұттың «Әкімнің әйелі» атты шығармасы – қазіргі қазақ прозасындағы әлеуметтік тақырыптарды терең қозғайтын, шынайы өмір көріністерін көркем тілмен өрнектеген туындылардың бірі. Жазушы бұл шығармасы арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді – билік пен халық арасындағы қарым-қатынас, отбасылық құндылықтар, әйелдің қоғамдағы орны, адамгершілік пен ар-ождан секілді тақырыптарды көркемдік биік деңгейде жеткізеді.
 
🔹Айта кетейік, іс-шараның екінші бөлігінде, ҚР Ұлттық Ұланы 5574 әскери бөлімінің сарбаздарының арнайы қатысуымен «100 кітап» ұлттық сауалнамасы аясында кітапталқы ұйымдастырылды. әдеби отырыс барысында қатысушылар тізімге енуге ұсынылған, Мархабат Байғұттың «Әкімнің әйелі» атты туындысы кеңінен талқыланып, шығармадағы оқиғалар желісі, кейіпкерлер бейнесі, авторлық ұстаным мен көтерілген әлеуметтік мәселелер жан-жақты сараланды.
 
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі