Арыс қаласында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай дәстүрлі облыстық «БАЛДӘУРЕН-2025» атты жас әншілер байқауы өтті. Қалалық мәдениет үйінде жалауын көтерген өнер бәйгесіне өңірдің әр аудан, қаласынан келген 16 жас дарын қатысты. Байқаудың ұйымдастырылуына Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдау көрсетті.
Байқаудың ашылу салтанатында қала әкімі орынбасары Ерғали Омарұлы сөз сөйлеп, киелі Түркістан өңірінде домбыра ұстап ән салмайтын, күй күмбірлетпейтін бала жоқ екенін алға тартып, үміттерін үкілеген өнерлі өрендерге сәттілік тіледі.
Байқаудың мақсаты аудан-қала өнерпаздары арасында дарынды, әнге қабілеті бар жас балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына қолдау көрсету, оларды отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу және эстрадалық ән орындау шеберлігін шыңдау, ұлттық өнерімізді қадірлеп, жас таланттарды анықтау, олардың үлкен байқауларға қатысуын қамтамасыз ету болып саналады.
Екі кезең бойынша өткен облыстық байқауға мәдениет және өнер саласының кәсіби мамандарынан құралған қазылар төрелік етті.
Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Ордабасы ауданынан келген Дулат Мамырға бұйырды. Ал Бәйдібек ауданынан келген келген Тоғжан Рахым І орын, Келес ауданынан Диас Алиұлы және Шардара ауданынан Барат Қуанышұлы ІІ орын, Арыс қаласынан Нұрсұлтан Мейірбекұлы пен жетісайлық Шыңғысхан Бекарысұлы ІІІ орын иегері атанды. Бұдан бөлек, Арыс қаласы әкімінің арнайы жүлдесі мен жекелеген жүлделер де өз иелерін тапты. Жүлдегерлерге қаржылай сертификаттар мен арнайы дипломдар табысталды.