Түркістанда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Балтаңдай» облыстық балалар өнер фестивалі басталды.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасы және Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл фестиваль – өнерге құштар, ұлттық рухты бойына сіңірген жас дарындардың өнер алаңына айналды.
Фестиваль 5 жанр бойынша өткізіледі. Атап айтқанда талантты балалар екі күн бойы ән, би, сурет, терме, драма бағыты бойынша сайысады. Өңіріміздің барлық аудан, қаласынан келген 9-15 жас аралығындағы жас өрендер байқауда шын мықтыны анықтайды.
Фестивальдің негізгі мақсаты – өнерге бейімі бар балалардың шығармашылығын қолдау, олардың талантын көпшілікке таныту және рухани дамуына мүмкіндік жасау. Балалар мен жасөспірімдерді өнерге баулу, ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Байқаудың әділ әрі кәсіби деңгейде өтуін қамтамасыз ету мақсатында қазылар алқасы құрамына өнер мен мәдениет саласындатәжірибесі мол, беделді мамандар тартылды. Олар – өңірлік және республикалық деңгейдегі шығармашылық жобаларда төрелік етіп жүрген, өз ісінің шеберлері. Қазылар алқасы әр қатысушының орындаушылық шеберлігіне, сахналық мәдениетіне, тақырыпты ашу деңгейіне және көркемдік мазмұнына жіті мән бере отырып, байқау талаптарына сай бағалайды.
Айта кетейік, бүгін таңнан бастап «Фараб» кітапханасында сурет, терме және драма жанрлары бойынша байқау өтеді. Ал ертең 28 мамыр күні сағат «Керуен сарай» кешенінде ән және би жанрларындағы байқау ұйымдастырылады.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі