ТҮЛКІБАСТА МАРХАБАТ БАЙҒҰТТЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН АУҚЫМДЫ ШАРА ӨТТІ

ТҮЛКІБАСТА МАРХАБАТ БАЙҒҰТТЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН АУҚЫМДЫ ШАРА ӨТТІ
Түлкібас ауданының Пістелі ауылында көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналған «Тау-Пістелі тағылымы» жобасының төртінші кезеңі кең көлемде ұйымдастырылды. Халықаралық деңгейде өткен бұл тағылымды шара жазушының туған жеріндегі әдеби рухты жаңғыртып, жастарға өнеге көрсету, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында қолға алынған.
 
Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойы Түркістаннан бастау алып, туған жерінде жалғасты. Тағылымды шараға Түлкібас өңірінен шыққан бірқатар зиялы қауым өкілдері де қатысты. Олар жазушының шығармашылығына жоғары баға беріп, естеліктерімен бөлісті. Әдебиет пен руханиятқа сүбелі үлес қосып жүрген ұстаздар, қаламгерлер, ардагерлер мен мәдениет қайраткерлері Түлкібастың топырағынан түлеп ұшқан қаламгердің қазақ әдебиетіндегі орны ерекше екенін атап өтті.
Ауқымды іс-шаралар аясында «Мархабат Байғұт – көркемсөз шебері» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Аталған кітаптың лентасын аудан әкімі Аскар Естібаев пен белгілі ақын Нармахан Бегалиев кесіп, жиналған көпшілікке естелік ретінде кітаптар тарту етілді.
 
«Мархабат Байғұт – көркемсөз шебері» – бұл тек бір қаламгердің құрметіне арналған еңбек емес, бұл – қазақ прозасына жасалған тағзым, көркемсөзге берілген әділ баға. Кітап – әдеби мұраны дәріптеудің, болашақ буынға рухани бағдар берудің жарқын үлгісі.
 
Аталған басылым жазушының шығармашылық мұрасын жүйелі түрде зерделеп, әдеби әлемдегі орнын айшықтайтын құнды еңбек болып табылады. Онда көрнекті қаламгердің өмір жолына, прозадағы өзіндік стиліне, қоғамдағы ұстанымына қатысты талдамалық мақалалар мен естеліктер топтастырылған.
 
Тағылымды шарада тұлғаның қаламгерлік болмысын танытатын кітап көрмесі мен фотогалерея ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Мархабат оқулары» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Жазушының туған жерінде ұйымдастырылған бұл тағылымды басқосуда құран оқылып, қаламгердің рухына тағзым етті. Арнайы еске алу асы беріліп, көпшілік ақ дастарқаннан дәм татып, қаламгердің өнегелі өмірі мен ізгілікті істері туралы естеліктер айтты.
 
Бұл рухани рәсім — Мархабат Байғұттың ел есіндегі терең ізі мен қадірлі бейнесіне жасалған тағзым, ұрпаққа берілер өнеге. «Тау-Пістелі тағылымы» жобасы алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.