ТҮРКІСТАН ЖАҢА НЫСАНДАРМЕН ТҮРЛЕНЕ ТҮСПЕК

ТҮРКІСТАН ЖАҢА НЫСАНДАРМЕН ТҮРЛЕНЕ ТҮСПЕК
Түркістан қаласында заманауи үлгідегі спорт нысандары салынып жатыр. Олардың құрылысы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей бақылауында.
Бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту бағытында облыс басшысының бастамасымен бірнеше жаңа спорт орталықтары бой көтерген.
Спорт саласына үлкен көңіл бөлетін облыс әкімі қаладағы жаңа спорт нысандардың құрылыс алаңдарын аралады. Жауапты сала басшыларымен кездесіп, жұмыстың сапасына баса назар аударуды тапсырды.

Түркістанда салынып жатқан барлық ғимараттар қаланың көркі ғана емес, тарихи келбеті мен болмысын сақтай отырып, заманауи архитектураның озық жетістіктерін пайдалануда. Ғалымдар мен кәсіби мамандардың пікірі ескеріліп, тарихи келбетін жоғалтпауға басымдық берілуде.

Спорт – адам өмірінің ажырамас бөлшегі екенін жиі айтатын өңір басшысының тапсырмасымен Түркістанда «Мұз сарайының» құрылысы жүріп жатыр. Әлемдік стандарттарға сай мұз айдыны 1200 адамға есептелген. Жаңа нысан жыл соңында ашылады.

Түркістан қаласында сондай-ақ «Теннис орталығы», Олимпиадалық резерв мектебінің әкімшілік ғимараты мен жатақханасы, Б.Саттарханов спорт кешені, «Ат спорты кешені» секілді жаңа спорт нысандары ашылады.
35 гектар жерде орналасқан ат спорты кешенінде поло-клуб, манеж, стендтік атысқа арналған алаңқай, садақ атуға арналған алаң, канал арқылы өтетін көпір мен атпен серуендеу аймағы болады.

20 гектар жерде орналасқан «TURAN» футбол академиясының құрылысы қарқынды. Мұнда спортшыларға Еуропаның үздік клубтарындағыдай жағдай жасалмақ. Жаңа кешенде үлкен және шағын 10 футбол алаңы болады. Сондай-ақ нысанда допинг-бақылау кабинеттері, 300 орынды қонақүй, спортшыларға арналған монша, 3 мейрамхана, мәжіліс залдары бар. Сауықтыру орнында медициналық, массаж кабинеттері мен жеке блоктар бар.

Елімізде теңдесі жоқ ескек есу каналына да су келді. Облыс орталығындағы спорт кешенінің құрылысы халықаралық талаптарға сай жүргізілуде. Жалпы ауданы 100 гектарға жуық алаңда орналасқан су спорты кешенінде ұзындығы 2,5 шақырымға созылатын су арнасы салынды.