
Мамыр айынан бастап елімізде жедел жәрдем қызметінің жұмыс тәртібі өзгерді. Бұл қадам қызмет көрсету сапасын жақсартып, кешігу мәселелерін шешпек. Енді төртінші категориядағы шақыруларға: мәселен, жоғары қан қысымы, дене қызуы немесе жеңіл жарақаттар сияқты өмірге қауіп төндірмейтін жағдайлар – күндізгі уақытта емхана жанындағы мобильді бригадаларға бағытталады. Олар таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал түнгі уақытта және демалыс күндері барлық шақыртуға жедел жәрдем бригадалары бара береді. Қажет болса қатарларына педиатр, кардиолог және басқа да мамандар қосылады. Бұл бағытта 95 мобильді бригада жұмыс істеуде.