Жаңалық

Жаңалық
«ШЫҢЖАҢ – ТАРБАҒАТАЙ – БАҚТЫ» ФОРУМЫНДА САУРАН АУДАНЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен Сауран ауданының делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Іссапар барысында Сауан қаласында өзара байланыс пен ынтымақтастықты дамыту бағытында бірқатар кездесулер өткізді.
Сонымен қатар аудан делегациясы Тарбағатай аумағында өткен «Шыңжаң – Тарбағатай – Бақты» халықаралық форумына қатысып, халықаралық әріптестікті нығайту және жаңа іскерлік байланыстар орнату бағытында келіссөздер жүргізді.
Форум барысында Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық және инвестициялық әлеуеті таныстырылып, өндіріс пен ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесулер нәтижесінде бірқатар перспективалы бағыттар бойынша келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, полимерлі жабын материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштар шығару, мал шаруашылығын дамыту және мақтаны қайта өңдеу салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.
Тараптар инвестициялық жобаларды іске асыру, өндірістік кооперацияны жолға қою, тәжірибе алмасу және өзара тиімді серіктестікті дамыту жолдарын қарастырды.
Түркістан облысы делегациясы үшін бұл жұмыс сапары халықаралық іскерлік байланыстарды кеңейтуге, инвестиция тарту бағыттарын нақтылауға және ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Алдағы уақытта келіссөздерді одан әрі жалғастыру мақсатында Қытай делегациясының Түркістан облысына сапары жоспарланып отыр. Сапар барысында бірлескен жаңа жобалар нақтыланып, өзара ынтымақтастықтың нақты бағыттары айқындалатын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі