ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА 1-ОРЫНҒА ШЫҚТЫ
2026 жылғы 16 қыркүйек күні сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жиырма алтыншы сессиясы өтті.
Оған облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, Қазығұрт, Түлкібас аудандарының әкімдері, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізген сессияның күн тәртібінде 20 маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, облыс әкімінің, облыстық ветеринария, білім және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары басшыларының есептері тыңдалды.
Қазығұрт, Түлкібас аудандарының әкімдері аудандарға республикалық, облыстық бюджеттен бөлінген қаржылар туралы мәлімет берді. Сонымен қатар облыс әкімдігі жанындағы кейбір комиссиялар мен кеңестердің құрамдарына өзгерістер енгізіліп, бекітілді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров сессия жұмысын қорытындылап, мәслихат жұмысына табыс тіледі.
– Бүгінгі кезекті сессияның күн тәртібіндегі мәселені жан-жақты қарап, қолдау білдіргендеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қабылданған шешімдер облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыруға бағытталған. Бөлінген әрбір бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты игерілуі қатаң бақылауда болады. Бірлескен жұмыстың арқасында жыл басынан бері тұрақты түрде қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша республикада көш бастап келеміз. Биылғы 8 айда қысқа мерзімді экономикалық өсім 121,9 пайызды құрап, облысымыз республикада 1 орынға шықты. Бұл – жүйелі жұмыстың және өңірдің әлеуетін тиімді пайдаланудың нәтижесі. Біз осы қарқынды сақтап, бірлескен жұмысты жандандыра түсуіміз қажет. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық пен зор денсаулық тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.
Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады. Халық қалаулылары өңірдегі өзгерістерді атап өтіп, облыс әкімдігінің жұмысын оң бағалады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі