Қазақстанда 2028 жылға дейін пилотсыз жүк тартқыш көліктер мен үш жаңа маркалы автомобильдер өндірісі іске қосылады
Қазақстанда шығарылатын көліктер желісі кеңейтіліп, автозауыттарда жасанды интеллект технологиялары белсенді енгізіле бастайды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің телеграм арнасы.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл өндірістерде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, қауіпсіздікті жедел басқаруға арналған жасанды интеллектке негізделген ахуалдық орталық іске қосылды. Интеллектуалды платформа бейнекамералардан, датчиктерден және ақпараттық жүйелерден келіп түсетін деректерді талдап, тәуекелдерді, төтенше жағдайларды және ауытқуларды жедел анықтап, оларды уақтылы жоюға мүмкіндік береді», – деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы салада жаңа өндірістік қуаттар іске қосылды. Атап айтқанда, жалпы инвестиция көлемі 346 млрд теңгеден асатын KIA Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan сияқты екі ірі зауыт ашылды.