
Өңір басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы достық қарым-қатынас жыл сайын нығайып келе жатқанын атап өтіп, өңіраралық байланысты дамыту екі елдің өзара сенімін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. Сондай-ақ Түркістан облысы халықаралық серіктестермен білім, ғылым, туризм және инвестиция бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әрдайым ашық екенін жеткізді. Облыста АҚШ-тың қатысуымен білім ордасын құру немесе мамандарды бірлесе оқыту, осы саладағы әріптестікті тереңдету, әсіресе, ауыл шаруашылығын цифрландыру, терең өңдеу саласының мамандарын даярлау маңызды екеніне тоқталды.