Жаңалық

Жаңалық
ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІНДЕ КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР МАРАПАТТАЛДЫ
Түлкібаста 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Көк Тудың желбірегені» атты салтанатты ту көтеру рәсімі өтті. Елдік пен егемендіктің нышаны саналатын мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған іс-шараға аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері, аудан жастары және қоғам белсенділері қатысты.
Салтанатты жиын Мемлекеттік Тудың көкке көтерілуімен басталды. Сондай-ақ Елтаңба салтанатпен ортаға шығарылып, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды.
Мерекелік іс-шарада аудан әкімі Асқар Естібаев сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
– Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын және Әнұранын ерекше құрметтеп, оларды ұлттық мақтанышымыз ретінде қастерлеуі тиіс. Өскелең ұрпақтың бойына мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді аудан басшысы.
Мерекеде ел демографиясының артуына үлес қосып, ұрпақ тәрбиесіне өнегелі үлес қосып жүрген көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді. Аудан әкімі бірқатар аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» марапаттарымен марапаттап, ізгі тілегін жеткізді.
Іс-шара барысында аудан тазалығы мен көркеюіне аянбай еңбек етіп жүрген коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегі де ерекше атап өтілді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауданның тазалығы мен абаттандырылуына сүбелі үлес қосып жүрген «Тұраркент Су» мекемесі басшысы Бақыт Жұматаев және «Көрікті ел» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірқатар қызметкерлері ҚР Президентінің арнайы Алғыс хатымен және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шара елдік құндылықтарды дәріптеп, отансүйгіштік рухты нығайтуға бағытталған тағылымды мерекеге айналды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі