Түлкібас ауданында «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атты республикалық жастар шығармашылық байқауының жеңімпаздары анықталды.
Марапаттау рәсімі «Шынар бастау» мәдени-рухани демалыс кешенінде өтті. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандық БАҚ басшылары, ғалымдар мен аудан тұрғындары қатысты.
Алғаш рет ұйымдастырылған байқау Түлкібас өңірінің табиғи және тарихи ерекшеліктерін, ана тақырыбын, туған жерден шыққан танымал тұлғаларды еліміздің ақпарат кеңістігінде кеңінен насихаттауға арналды.
Байқаудың бас демеушісі – Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қорының президенті, саясаттану ғылымдарының докторы Қайрат Айтбай. Идея авторы – белгілі медиа және коммуникация маманы, қоғам қайраткері Жандар Асан.
– Байқаудың басты мақсаты – Түлкібас өңірінің тарихы мен бүгінгі жетістіктерін, туристік әлеуетін дәріптеу. Сонымен қатар аудандағы қасиетті орындардың бірі – «Шынар бастау» мәдени-рухани кешенінің ерекшелігін, ана тақырыбы мен Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Мекемтас Мырзахметұлы, Мархабат Байғұт сынды тұлғалардың өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа насихаттау, – деді Жандар Асан.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы байқауға 90-ға жуық шығарма келіп түскен. Материалдар «Түркібасы – айбыным, байлығым, Мекемтас-биігі – тағзым-тағылым, Тұраркентім – төл ұғым, «Шынар бастау» – айдыным» тақырыптарын қамтыған.
Құрамында БАҚ басшылары, тіл мамандары мен танымал журналистер болған комиссия жұмыстарды бірнеше критерий бойынша саралады. Атап айтқанда, шығармаларда Түлкібас ауданының тарихы, даму кезеңдері мен болашағы, туристік орындары, «Шынар бастау» кешенінің ерекшелігі, отбасылық құндылықтар, ананы құрметтеу және тарихи тұлғалардың тағылымы көрініс табуы тиіс болды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Асанбай Асқаров атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Ақнұр Құралбекке бұйырды.
Бірінші орынды «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Аяжан Мәмет иеленді.
Екінші орынды жас жазушы Гүлсая Рүстем мен Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің мұғалімі Сандуғаш Аяғанова өзара бөлісті.
Ал үшінші орын Абай атындағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Айгерім Пірімжанға, Астана халықаралық университетінің студенті Жансая Бектеналыға және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Нұргүл Қадырбайға берілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қоры тағайындаған арнайы сыйақылармен марапатталды.
Байқауда үздік деп танылған шығармалар республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атауымен жарияланады. Сонымен қатар байқауға ұсынылған барлық туындылар арнайы жинаққа енгізіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау алдағы уақытта дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілмек.