
Облыс аумағында «Ұлттық құндылықтар апталығы» байқауы жалғасуда.
Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және «ШАҢЫРАҚ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жалпыұлттық құндылықтар – ел дамуы» жобасы аясында «Ұлттық құндылықтар апталығы» байқауы өткізілуде.
Жобаның негізгі мақсаты – қоғамда ұлттық бірегейлікті нығайту, рухани-мәдени мұраны сақтау және оны заманауи дамумен ұштастыру.
Аталған жобада келесі бағыттар қамтылған:
- ұлттық құндылықтарды (тіл, дәстүр, мәдениет) дәріптеу;
- жастардың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру;
- қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту;
- ұлттық идеологияны дамыту арқылы елдің тұрақты дамуына үлес қосу.
2026 жылғы 13 сәуірде Бәйдібек ауданынан бастау алған «Ұлттық құндылықтар апталығы» байқауы Арыс қаласында, сондай-ақ Ордабасы, Шардара, Келес, Сарыағаш аудандарында өткізілді.
Қазіргі таңда байқау облыстың өзге де аудандарында жалғасын табуда.
Сонымен қатар, Түркістан қаласында өткен іс-шара барысында «Аламан құрақ» жобасына қатысып, жалпы ауданы 1366 шаршы метрді құрайтын құрақ көрпе тігуге атсалысқан (Аталған нәтиже ресми түрде Global Book of Records ұйымы тарапынан әлемдік рекорд ретінде тіркелді) шеберлерді марапаттау рәсімі өтті.