ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҚ «ЖАНУБИЙ ҚОЗОҒИСТОН» ГАЗЕТІНІҢ 35 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ
Биыл облыстық «Жанубий Қозоғистон» қоғамдық-саяси газетінің жарыққа шыға бастағанына 35 жыл толып отыр. Редакция ұжымы «35 жылдыққа – 35 іс-шара» жоспарын бекітіп, жыл басынан бері түрлі шараларды өткізіп келеді. Бүгін соның жалғасы ретінде аз қамтылған отбасылардың мүшелері мен ерекше жасөспірімдер үшін мерекелік дастарқан жайылып, 100-ге жуық ана мен балаға сыйлықтар берілді.
Шараға Түркістан қаласы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Райымжан Қошқаров пен бірлестік жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Толқын Сайтмұратов, «Жанубий Қозоғистон» газетінің директор-Бас редакторы Райымжан Алибаев, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов және БАҚ өкілдері қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кетерлігі, бұған дейін мерейтой аясында өзбек этномәдени бірлестік өкілдері арасындағы облыстық шахмат турнирі, түркі әлеміне ортақ тұлға Әлішер Науаидің 585 жылдығына арналған халықаралық «Науаи оқулары» байқауы өткізілген болатын. Сонымен қатар, қасиетті Рамазан айында Сайрам, Сауран аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларындағы 50-ге жуық отбасыға қайырымдылық көрсетілген.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі