Жаңалық

Жаңалық
ТҮРКІСТАНДА ВЕЛОСПОРТТАН ЕЛ БІРІНШІЛІГІ БАСТАЛДЫ
Түркістан қаласында тасжолдағы велоспорттан ерлер мен әйелдер арасындағы ҚР чемпионаты басталды. Сонымен қатар, топтық жарыс бойынша 19-22 жас аралығындағы жастар арасында ел чемпионатының ашылу рәсімі өтті. Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, өңірде спортты дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Ал, велоспорттан ел құрамасының жаттықтырушысы Денис Гольцман велоспорттың өңірдегі даму қарқынына оң баға беріп, спортшыларға жоғары нәтиже көрсетуге тілектестік білдірді.
Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 170-тен астам спортшы қатысуда. Айта кетерлігі, биылғы додада параспортшылар да бақ сынауда. Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен қорытындыланып, қатысушылар мен қонақтар естелік суретке түсті.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі