Жаңалық

Жаңалық
ТҮРКІСТАН: САЙРАМДА «МӨЛДІР БҰЛАҚ» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ӨТТІ
Сайрам ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кезекті игі шара өтті. Атап айтқанда, «Мөлдір бұлақ» акциясына орай Қарасу ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылындағы бұлақ көзінде ауқымды санитарлық-тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Таңертеңнен басталған сенбілікке Сайрам ауданының әкімі, Сайрам ауданының прокуратурасы, Сайрам ауданының төтенше жағдайлар басқармасы, Сайрам ауданының мәслихаты және Көрікті Сайрам мекемесінің қызметкерлері мен әкімдік қызметшілері де, белсенді жастар атсалысты.
Игі шараға барлығы 300-ге жуық адам жұмылып, 6 арнайы техника тартылды.
Жұмыс барысында бұлақтың көзі толықтай тазартылып, айналасы ретке келтірілді. Қураған ағаштар кесіліп, жылдар бойы жиналған қоқыстар шығарылды. Нәтижесінде табиғи су көзінің маңы айтарлықтай жаңарып, таза кейіпке енді.
Шараға қатысқан аудан әкімі бұл бастаманың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғау – тек бір күндік науқан емес, әрбір азаматтың күнделікті жауапкершілігі болуы тиіс. Сондай-ақ, тұрғындарды осындай сенбіліктерге белсенді қатысуға шақырды.
Халқымыз «Бұлақ көрсең – көзін аш» деп бекер айтпаған. Табиғатты аялау, оның ішінде су көздерін қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы аманат.
Мұндай экологиялық акциялар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі