Жаңалық

Жаңалық
ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА ӨТКЕН АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІККЕ 2000-НАН АСТАМ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ
Қазығұрт ауданында тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және «1 наурыз – Алғыс айту» күніне орай, жалпыаудандық ауқымды сенбілік өтті.
Сенбілік барысында көше бойлары, саябақтар мен қоғамдық орындардағы тұрмыстық қалдықтар жиналып, тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың қасбеттері сырланып, қураған ағаштар мен бұталар кесіліп, арық-атыздар қоқыстан тазартылды. Жалпы, сенбілікке 2000-нан астам тұрғын қатысып, аудан аумағын абаттандыру және көгалдандыру мақсатында 2000-ға жуық көшет отырғызылды. Сонымен қатар 14 арнайы техниканың көмегімен 4,3 тонна қоқыс шығарылып, тиісті полигондарға жеткізілді.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес тазалық шаралары барлық ауылдық округтерде бір мезетте ұйымдастырылды. Сенбілікке белсенді қатысқан мемлекеттік қызметкерлер, білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының өкілдері, ерікті жастар мен ауыл тұрғындары туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Сенбілік жұмыстарының барысын аудан әкімі Азизхан Исмаилов тікелей бақылап, тазалық жұмыстары жүргізілген аумақтарды аралап шықты. Сондай-ақ жауапты сала басшылары мен ауыл округі әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, бұл жұмыстардың тек бір күндік науқан емес, тұрақты түрде жалғасатын маңызды міндет екенін атап өтті. Аудан тұрғындарын туған жерді таза ұстауға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырды.
Қазығұрт ауданының көркеюі, экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі