
Осы ретте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Жетісай ауданына арнайы іссапармен барып, ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізу мәселелеріне қатысты жиын өткізді. Басқосуға Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандары әкімдерінің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасарлары, «ҚазСуШар» РМК Түркістан облыстық филиалының аудандық бөлімшелерінің басшылары, су жеткізуші мекемелердің өкілдері, сондай-ақ, ауыл әкімдері қатысты.

Айта кетейік, 2025 жылы су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақты 59 мың гектар алқапқа егілді. Оның ішінде 53,7 мың гектарға тамшылатып суғару, 6,2 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиялары енгізіліп, жоспар 2 есеге орындалды.
Жалпы бүгінгі күнге облыста 114 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Үнемделген су көлемі – 195 млн. м³. Жыл сайын 50 мың гектарға технологияны қосымша ендіру арқылы 2030 жылға қарай 364 мың гектар алқаптан 622,8 млн.м³ су үнемделмек. Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту, қолжетімділігін арттыру мақсатында қуаттылығы 163,0 мың гектар (90,0 мың.га жаңбырлатып, 73,0 мың.га тамшылатып) алқапты қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылды. 2026 жылға жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты құрайтын 2 кәсіпорын іске қосылады.