Келес ауданында ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында жаңа спорт кешенін салу жоспарлануда. Қазіргі таңда нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Келес ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрмаханбет Нархозиевтің ұйымдастыруымен жобаға қатысты талқылау жұмыстары өтті.
Жиынға мердігер мекеме өкілдері, Келес ауданы ұлттық спорт клубының директоры Санат Ботанбаев және Қошқарата ауылдық округі әкімдігінің мамандары қатысты. Кездесу барысында жобаның техникалық талаптары мен ұсыныстары қаралып, тапсырыс беруші тарапынан тиісті ескертпелер енгізілді. Жоспарланған ұлттық спорт кешені тек спорт нысаны ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен намысты сіңіретін, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды орталық болмақ. Бұл жастардың ұлттық спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға, аудан көлемінде ірі жарыстар өткізуге және туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, аудан спортшылары көкпардан жыл сайын жоғары нәтижелер көрсетіп, өңір абыройын асқақтатып келеді.