
– Бүгін біз Сарыағаш қаласында аса маңызды әлеуметтік нысан – көпбейінді аурухана құрылысының іргетасын қалау рәсіміне жиналып отырмыз. Бұл — өңіріміздің денсаулық сақтау саласындағы жаңа белесі, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған үлкен қадам. Аталған жоба Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Сарыағаш ауданында көпбейінді аурухана салу жөнінде берген тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Президентіміздің халық денсаулығын жақсартуға бағытталған бастамалары аясында облыста ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл аурухана мыңдаған тұрғынға үміт сыйлайды, жүздеген отбасының амандығын сақтауға үлес қосады және өңірдегі медициналық қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтереді. Дені сау ұрпақ – елдің ең басты байлығы. Сондықтан бұл аурухана тек ғимарат емес, бұл – мыңдаған адамның үміті, жүздеген отбасының амандығы. Жаңа аурухана уақтылы әрі сапалы салынып, ел игілігіне жоғары деңгейде қызмет ететін, шипа мен сенім ордасына айналады. Баршаңызға зор денсаулық, табысты еңбек, әр отбасыға жақсылық тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.