
– Бүгін Түркістан өңірінде тағы бір игі бастаманың куәсі болып тұрмыз. Тарихи Ордабасы жерінде жаңа медициналық нысанның құрылысы басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек» деген болатын. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Мәселен, былтыр өңірдегі шалғай елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылып, ел игілігіне берілді. Ал бүгін Темірлан ауылында 200 орындық облыстық перинаталдық орталықтың уақыт капсуласы салынуда. Бұл медициналық мекеме болашақта Ордабасы, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласының тұрғындарына қызмет етеді. Осы аймақтардың тұрғындары енді облыс орталығына сабылмай, Темірланда қажетті емді қабылдайды. Өйткені, жаңа перинаталдық орталық жүкті әйелдер мен нәрестелерге жоғары деңгейдегі заманауи медициналық көмек көрсетеді. Бұл – ана мен бала денсаулығын сақтап, демографияны жақсартуға серпін беретін маңызды бастама. Перинаталды орталық уақтылы әрі сапалы салынып, халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсетеді деп сенеміз, – деді Нұралхан Көшеров.