Мемлекеттік құрылыстың озық идеялары: Конституциялық комиссия отырысында жаңа Конституция жобасының негізгі нормалары талқыланды
Астанада Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасына, ұсынылып отырған жаңашылдықтарға, сондай-ақ қоғамда жүріп жатқан талқылауларға қатысты өз пікірлерін білдірді.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймардановтың айтуынша, Конституциялық реформаға қатысты азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары e-Өтініш платформасына әлі де келіп түсуде. Қазір олардың жалпы саны 4 мыңнан асты.
Сонымен қатар ҚСЗИ басшысы азаматтардың едәуір бөлігі Конституцияны тек мемлекеттік билік органдарының өкілеттіктерін айқындайтын құқықтық құжат ретінде ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің дамуына бағыт-бағдар беретін, құндылықтар мен қағидаттарды бекітетін тұғырлы мәтін ретінде қабылдай бастағанын атап өтті.
«Азаматтардың ұсыныстарында Конституциялық нормалар нақты қолданбалы сипатқа ие болып, күнделікті өмірге, әлеуметтік әділетке және мемлекеттік шешімдердің сапасына тікелей ықпал етуге тиіс деген үміт айқын көрініс тапқан», – деді Жандос Шаймарданов.