
– Жасөспірімдер мен жастарды спорттық үйірмелерге көптеп тартып, жан-жақты қолдау көрсетіңіздер. Өңірдегі спорттық нысандар елге қызмет етуі тиіс. Спортқа баулу арқылы біз жасөспірімдерді зиянды әдеттерден сақтаймыз. Түркістандағы «Мұз сарайының» әлеуетін толық пайдаланып, қысқы спортты дамыту, насихаттау бойынша нақты жұмыс жоспарын ұсыныңыздар. Спорт саласында жұмысты ширату керек. Нақты нәтиже беретін спорт түрлері мен спортшыларды іріктеп, жүйелі жұмыс атқарыңыздар. Елді мекендерде спорт нысандарын салу бойынша да жұмысты сапалы атқару қажет, – деген Нұралхан Көшеров командалық спорт түрлерін, футболды дамыту бойынша да іс атқарып, нәтижелерді жақсартуды тапсырды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияровтың айтуынша, Түркістан облысының спортшылары 2025 жылы Сурдлимпиада, Әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 1668 медаль жеңіп алды. 2024 жылмен салыстырғанда өсім 46 медаль немесе 2,7%-ды құрады. 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 74 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 745 спорт шеберлігіне үміткер спортшы дайындалды. Сондай-ақ облыстан ұлттық құрамаға 766 спортшы енді. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 150 спортшыға артты. Демеушілер есебінен үздік спортшыларға 8 автокөлік және 3 пәтер табысталған. 231 спортшыға ай сайынғы стипендия тағайындалды, былтыр 141 спортшыға берілген.

Спорт саласында «Event tourism»-ді дамыту бойынша Түркістанда 40-қа жуық әлемдік, халықаралық және республикалық деңгейдегі ірі жарыстар өткізу межеленген. Жуырда Түркістан қаласында шахматтан балалар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізілді. Аталған жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 1100-ге жуық жас спортшы қатысты.
Ақпан айының 4-9 аралығында «Олимпик центр» спорт кешенінде таеквондодан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Түркістан қаласындағы көпфункциялы ипподромның ашылуына орай, көкпардан халықаралық «Nauryz cup» жарысы, бәйгеден республикалық турнир, аударыспақтан Азия чемпионаты, жамбы атудан жастар арасында ҚР чемпионаты, дәстүрлі садақ атудан Азия чемпионаты, теңге ілуден ересектер арасында Азия кубогы, асық атудан ересектер арасындағы Әлем кубогы, қазақ күресінен жастар арасында республикалық турнир, «Толағай» алыптар сайысы өтеді. Одан бөлек «Бабалар ізімен: асық ату» іс-шарасында бір мезетте 1000 адам асық ойнамақ. Олимпиада чемпионы Б.Саттархановты және Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Ә.Нұрмахановты еске алуға арналған, сондай-ақ М.Ділдабековтың жүлдесіне арналған бокстан халықаралық турнирлер, қазақ күресінен Қ.Мұңайтпасовты еске алуға арналған халықаралық турнир мен Әлем кубогы, шахматтан түркі тілдес халықтар ойыны және «Түркістан марафон – 2026» бұқаралық жүгіру марафоны, ескек есу арнасында жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты және параканоэден Азия чемпионаты, сондай-ақ ескек есу спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының барлық жас санаттары бойынша ел чемпионаттары толықтай Түркістан қаласында өтеді. Жалпы спорттық іс-шараларға 40 мыңнан аса адам келеді деп жоспарланып отыр.