
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылдың қыркүйегіндегі Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және саяси жүйесін кешенді жаңғыртулар енгізу мақсатында бір палаталы Парламент құру жөнінде бастама көтерді. Президенттің өкімімен Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. 21 қаңтарда Конституцияға тиісті өзгерістер енгізу мақсатында арнайы комиссияның құрамы бекітілді. Комиссияға 130 адам кірді. Оның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, құқық саласының танымал мамандары, бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау саласының қызметкерлері, сарапшылар, ғылыми және мәдени қауым өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік қызметшілер және барлық партиялардың өкілдері бар. Жаңа конституциялық реформаны талқылауларға еліміздің азаматтарына мүмкіндік беріліп, олар өз пікірлері мен ұсыныстарын e-Otinish және eGov порталдары арқылы жолдады. Жұмыс тобы азаматтардан түскен екі мыңнан астам ұсынысты жан-жақты қарап, талқылады. Конституциялық комиссия 77 бапқа түзетулер енгізіп, нәтижесінде Конституцияның жаңа жобасы 84 пайызға жаңартылуда. Ата заңның жаңа жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына басымдық береді. Конституциялық реформа – бұл тек өзгеріс емес, бұл – елдің болашағын айқындайтын тарихи әрі маңызды қадам, – деген Нұралхан Көшеров әділеттілік пен заң үстемдігі – Конституцияның өзегіне айналғанын, сонымен қатар, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты нақты мазмұнмен толықтырылғанын атап өтті. Басқару жүйесінің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ету үшін Вице-президент институты енгізіліп отыр. Бұл ел басқарудағы жауапкершілік пен ашықтықты күшейтуге мүмкіндік береді.