Жаңалық

Жаңалық
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылып жатыр.
Осы реформалар аясында бүгін Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілуі жоспарланып отырған бірқатар маңызды түзетулер кеңінен талқыланды.
Ұсынылып отырған өзгерістердің басты мақсаты – құқықтық анықтық қағидаттарын бекіту, құқықтық мемлекетті одан әрі нығайту және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру.
Конституцияда неке мен отбасы құндылықтарын сақтау, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау жөніндегі міндеттемелерді күшейту көзделіп отыр. Бұл нормалар қоғамның тұрақты дамуына және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Президент институтының ережелері де тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралды. Президенттік сайлау мен ант беру рәсімінің мерзімдері, Мемлекет басшысының Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы нақтыланып, вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайтын жаңа бап енгізу ұсынылды.
Бір палаталы Парламентке көшу аясында Құрылтайға қатысты түзетулер әзірленіп, заң шығарушы органның өкілеттіктері қайта қаралды. Заң шығару бастамасы құқығы бар субъектілердің тізімі кеңейтіліп, заң жобаларын қарау және қабылдау рәсімдері жетілдіріледі.
Сонымен қатар, азаматтар арасынан құралған Қазақстан Халық Кеңесінің мәртебесі жеке бөлімде бекітіліп, оның халық мүддесін білдіретін және заң шығару бастамасы құқығына ие жоғары кеңес органы ретіндегі рөлі айқындалды.
Аталған конституциялық реформалар – әділетті, тиімді және халыққа жақын мемлекет қалыптастыру жолындағы жүйелі қадам.