ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Төлеби ауданына арнайы іссапармен келді. Сапар барысында халық қалаулысы аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловпен бірге аудан аумағында салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысты. Сапар аясында депутат Көксәйек елді мекенінде орналасқан спорт кешенінің құрылысын көрді. Қазіргі таңда спорт кешенінде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті материалдық-техникалық жабдықтар орналастырылуда. Спорт кешенін 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар, Ленгір қаласындағы Қапал батыр көшесінде салынып жатқан бес қабатты үш тұрғын үйдің құрылыс барысы таныстырылды. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған тұрғын үйлер баспанасы апатты жағдайда тұрған азаматтарға беріледі. Нысандарды аралау барысында Мәжіліс депутаты құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, іссапар аясында Ұласбек Сәдібекұлы Достық елді мекеніндегі №10 мектептің ұжымымен кездесті. Кездесу барысында білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен заңнамалық өзгерістер туралы ақпарат беріп, Мәжілістің жыл бойы атқарған жұмыстарына тоқталды. Ұстаздар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, көтерілген мәселелер алдағы уақытта жүйелі түрде қарастырылатынын айтты.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі