Жаңалық

Жаңалық
Президент Қазақстан үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналуы керек деген мақсат қойды: Үкіметте жобаларды жүзеге асыру барысы қаралды
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ақпараттық және телекоммуникациялық инфрақұрылым саласын дамыту мәселесі қаралды. Онда Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ байланыс операторлары мен интернет-провайдерлер өкілдері баяндама жасады, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде 6179 ауылдық елді мекенінің 2606-сы қазірдің өзінде ұзындығы 120 мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылған. 2026 жылдың соңына дейін қосылу деңгейін 90%-ға дейін жеткізіп, тағы 3 мың ауылды қамту жоспарлануда.
Премьер-министр Президенттің цифрландыруға қатысты тапсырмасын ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қазақстан үш жыл ішінде жаппай цифрлық ел болуы керек деген мақсат қойды. Ал, оған ақпараттық және телекоммуникациялық инфрақұрылым саласындағы жобаларды жүзеге асыру арқылы қол жеткізуге болады. Экономиканы цифрлық трансформациялау бағытындағы барлық реформаның бастауында байланыс инфрақұрылымы тұр. Сонымен қатар еліміздің аумағын жылдамдығы жоғары интернетпен жаппай қамту арқылы ғана тиісті нәтижеге қол жеткізуге болады. Сонда ғана Мемлекет басшысының жаппай цифрландыру және жасанды интеллект элементтерін енгізу туралы тапсырмасын тиімді іске асыра аламыз. Тұрақты интернет – бүгінде игіліктен бөлек, халықтың күнделікті өмірі мен заманауи экономиканың маңызды қажеттілігіне айналды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.