Жаңалық

Жаңалық
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КӨКПАРДАН ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚҰРАМАСЫ ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
 
Тамыз айының 16-23 күндері аралығында Алматы облысының Талғар ауданында Жасөспірімдер арасында көкпардан XIII ел чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге Алматы мен Шымкент қалаларымен қатар Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Ұлытау облыстарынан іріктелген 13 команда қатысты.
Ақтық сында жамбылдық көкпаршылармен серке тартысып, ойынның негізгі уақытында 7:7 есебімен тең түскен түркістандық көкпаршыларға қосымша уақытта Жетісай аудандық «Ұлттық спорт клубының» мүшесі Ерболат Айтуған салған «Алтын салым» жеңіс сыйлады. Осылайша есепті 8:7-ге жеткізген Түркістан облысының құрамасы ел чемпионы атанды.
Жастайынан ат құлағында еркін ойнап, көкпар, бәйге, аударыспақ сынды ат спорты ойындарына әуестеніп өскен Ерболат Жомартұлы аталмыш чемпионатта 9 салым салып, тақымы мықтылардың көшін бастады. Дүбірлі додада үздік деп танылып, 200 мың теңгенің сертификатына ие болды. Айта кетейік, бұған дейін облыс құрамасы Шымкент қаласының құрамасын 14:1 есеппен, Атырау облысының құрамасын 17:1 есеппен жеңген болатын.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі