ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫЛЫҚ ЖАС ФУТБОЛШЫ «АТЛЕТИКО МАДРИД» АКАДЕМИЯСЫНА ШАҚЫРТУ АЛДЫ
Ордабасы ауданының тумасы Нұрқанат Нұрмаханұлы футболдан Алматы облысындағы Талғар ауданында өткен іріктеуге қатысып, Испаниядан арнайы келген бапкерлердің көзіне түсіп, «Атлетико Мадрид» академиясына ресми шақырту алды.
Іріктеуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас футболшылар қатысты. Олардың арасынан дара шыққан Нұрқанат техникалық дайындығымен, жылдам шешім қабылдауымен және алаңдағы ойынымен испаниялық жаттықтырушыларды тәнті етті. Соның нәтижесінде ол әлемдік деңгейде жаттығуға мүмкіндік алды.
Футболға деген қызығушылығы ерте басталған Нұрқанат алғашқы қадамдарын аудандағы «Жас-қанат» футбол командасында бастаған. Оның жаттықтырушылары Райымбек Тұрсын, Бексұлтан Серіков, Шыңғыс Тұрсын. «Атлетико Мадрид» академиясы – Еуропадағы ең беделді футбол орталықтарының бірі. Онда болашақ әлемдік футбол жұлдыздары тәрбиеленіп, кәсіби деңгейдегі дайындықтан өтеді. Ордабасылық таланттың дәл осы академияға шақырту алуы – ел футболының дамуындағы зор жетістік.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі