Жаңалық

Жаңалық
ТҮРКІСТАНДА ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГТАРДЫҢ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ
 
Түркістан қаласында педагог-психологтарға арналған «Білім келешегі: адал азамат – кәсіби маман» атты облыстық тамыз кеңесі өтті. Жиын - білім беру саласында психологиялық қызметтің рөлін арттыруға, оқушылардың тұлғалық дамуы мен кәсіби бағдарын жетілдіру жолдарын қарастыруға, сондай-ақ педагог-психологтардың кәсіби құзыреттілігін нығайтуға бағытталған. Жиынға облыстық бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Динара Егембердиева, облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Оразкүл Қолдасова мен педагог-психологтар, білім басқармасының өкілдері мен сала мамандары қатысты. Басқосу барысында білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар, заманауи психологиялық қолдау әдістері жан-жақты талқыланды.
«Мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер болуға тиіс. Зорлық-зомбылыққа, әлімжеттікке, яғни, буллингке, қатігездік пен озбырлыққа мүлде жол берілмеуі керек. Облысымыздағы барлық мектепте «111» психологиялық қолдау қызметінің QR-коды орнатылды. Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде әлімжеттікке, буллингке қарсы «ДосболLIKE» атты бағдарлама іске қосылады. Негізгі мақсат – балалар мен жеткіншектер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу»,-деді Оразкүл Қолдасова.
Кеңесте баяндама жасаған «Reframe» тұлғалық дамыту орталығының директоры Гулжан Вероцкая, №28 жалпы орта мектебінің директоры Лязат Нысынқұлова, Төлеби аудандық білім бөлімінің әдіскері Әсел Қалиярқызы қоғамға адалдық пен жауапкершілікті бойына сіңірген жас ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, секциялық жұмыс кезінде орталық қызметкерлері техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары және мектеп, балабақшалардың педагог-психологтарына кеңес беріп, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі