Көлік министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандық авиакомпаниялар 7,2 млн жолаушы тасымалдаған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ға артық. Әуежайларда жолаушыларға қызмет көрсету көлемі 14,4 млн адамға дейін артты. Қазіргі уақытта ішкі авиатасымалдар жалпы жиілігі аптасына 849 рейс болатын 61 бағдар бойынша орындалады.
Соңғы жылдары Қазақстанда 20 ұшу-қону жолағы, 19 терминал реконструкцияланды, Түркістанда жаңа әуежай салынды. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев биыл әуе кемелері паркін 16 бірлікке толықтыру күтіліп отырғанын, оның 6-уы бүгінде сатып алынғанын баяндады. Жалпы, 2030 жылдың соңына дейін флот 221 бірлікке дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ 2025 жылы 36 бағдарды ашу және жаңарту жоспарлануда. Инвестициялық бағдарламалар шеңберінде авиация саласына барлығы шамамен $2,9 млрд тарту көзделіп отыр. Қаражатты ірі жобаларды жүзеге асыруға, атап айтқанда, Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі, сондай-ақ Арқалық туристік аймақтарында жаңа әуежайлар салу, 10 ұшу-қону жолағы мен 10 терминалды реконструкциялау, арнайы техника паркін жаңарту жұмыстарына жұмсалмақ.