Жаңалық

Жаңалық
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында суперкомпьютермен ЖИ экожүйесін құру: Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті
Премьер-министр Олжас Бектенов Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске қосылған суперкомпьютер негізінде жасанды интеллект экожүйесін дамыту бағыттары қаралды. QazTech платформасы базасында салалар мен мемлекеттік органдардың жұмысын одан әрі цифрлық трансформациялауға назар аударылды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ЖИ инфрақұрылымын құру туралы баяндады. Оның айтуынша мемлекеттік органдардың деректерді өңдеу орталығы таяуда іске қосылған суперкомпьютерге кіріктірілді. Қазақстанда институционалдық ортаны қалыптастыру үшін 2024-2029 жылдарға арналған ЖИ-ді дамыту Тұжырымдамасы бекітілді, «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленді. ЖИ саласында кадрлар даярлау үшін AI Corporate, TUMO Center, AI People және тағы да басқа білім беру бағдарламалары іске асырылады. E-agent, egov AI, AI-терапевт, tax helper, SDU және E-аудармашы сияқты әзірленіп жатқан цифрлық шешімдер туралы мәліметтер тыңдалды.
Отырыс барысында салаларды цифрлық трансформациялау қарқыны қаралды. QazTech ұлттық платформасы цифрлық өнімдерді жедел құруға арналған. Министрдің айтуынша, цифрландырудың платформалық моделін енгізу жаңа IT-шешімдерді іске қосу мерзімін 1,5-3 жылдан 6 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Платформа бірыңғай стандарттарды, security by design қағидаты бойынша қауіпсіздікті және бұлтты технологияларды қолдануды қамтамасыз етеді. QazTech сынақтары ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес аяқталды, толық іске қосу тамыз айына жоспарланған. Бүгінгі таңда QazTech платформасында мемлекеттік органдардың бірыңғай интернет-порталы, Smart Bridge, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне тиесілі Қоршаған ортаның ұлттық мәліметтер базасы және тағы басқалар жұмыс істейді.