
— Комиссия соңғы 3 жылда жүйелі жұмыс істеді. Арнайы талдау жасап, талапкерлердің мамандықтарға түсу және түспеуін зерделеді. Соның нәтижесінде бөлінген гранттар толық игеріліп келеді. Бұл істі жалғастыру керек. Мемлекеттік тапсырысты перспективасы жоқ салаларға қарастырудың жөні жоқ. Таптаурын, сұраныс жоқ мамандықтар болмайды. Қоғамның қажеттілігіне жарайтын мамандықтарға мемлекеттік тапсырысты бағыттауымыз керек. Біріншіден – адам тағдыры. Екіншіден – қажетсіз мамандықты аяқтаған азаматтар түбі жұмыссыздар армиясының қатарына қосылады. Үшіншіден – мемлекеттік қаржысын тиімсіз пайдалануға әкеп соғады. Сондықтан сіздерден жауапкершілік, жанашырлық пен әділдік талап етіледі. Мамандық игеру, тегін оқу, жатақханамен қамтылу, бәсекеге қабілетті кадр атану – болашақты қалыптастыру мүмкіндігі. Оны қалт жібермеу үшін қоғамды хабардар етуге тиіспіз. Игілікті бастамаға ауыл жастарын шақырып, насихатты күшейтіңіздер, - деді Бейсенбай Дәулетұлы.