
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында қала аумағындағы өрт қауіпсіздігі мәселесі кеңінен талқыланды. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары және мекеме директорлары қатысты.
Қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Серік Төлегенов табиғи және дала өрттерінің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл күннің ерте ысуы мен құрғақшылықтың күшеюі өрт қаупін арттырып отыр. Осыған байланысты демалыс аймақтарында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілген.
Қала басшысы өрт қауіпсіздігіне қатысты насихат жұмыстарын одан әрі жандандырып, сақтық шараларын үнемі түсіндіруді тапсырды.
Сондай-ақ, жиын барысында Кентау қаласының қоғамдық тамақтану орындарының санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы қаралды. Бұл туралы басқарма басшысы Нұрбақыт Рабат баяндама жасап, қала бойынша 164 қоғамдық тамақтану нысаны бақылауға алынғанын, биыл тағамнан улану жағдайлары тіркелмегенін жеткізді.
Қала басшысы жазғы мезгілде балалар тамақтанатын орындарға ерекше назар аударып, санитариялық ағарту жұмыстарын күшейтуді ұсынды.
Жиында қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильхам Азизбаев бюджет есебінен салынған нысандардың мемлекеттік тіркеуі туралы ақпарат берді.
Қала әкімі жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, суға шомылу маусымында сақтық шараларын түсіндіру және дала өрттерін болдырмау бағытында жұмыстарды күшейтуді тапсырды.